Бұл Бағдарламаның мақсаты Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында да батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналдыру болып табылады. Бағдарламаның «Мемлекеттік тіл – ұлттық бірліктің басты факторы» атты мақсатын іске асыру қазіргі мемлекеттік қызметшілер үшін өте қажетті басымдық деп білеміз. Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» – деп баса көрсетсе, Бағдарламада мемлекеттік тілімізге деген басымдық айрықша орын алған. Бағдарламада мемлекеттік тілге басымдық бере отырып, оның кеңінен қолданылу, беделін арттыру, мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру, сонымен қатар Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту, Қазақстанда тілдің әралуандылығын сақтау сияқты мәселелер де орынды көтерілген. Бағдарламаны іске асырудың он жылдық кезеңі алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Бағдарламада мемлекеттік тілді барлық ынталы адамдарға оқып-үйренуге мемлекеттік көмек көрсету, қазақ тілін оқыту үдерісін ұйымдастыруда мемлекеттік жеке-меншік әріптестікті ынталандыру шараларын іске асыру тетіктермен қоса берілген. Сондықтан мемлекеттік тілдің мемлекеттік органдар жүйесінде қолданылу аясын одан әрі кеңейту кадрлардың тиісті тіл даярлығын талап етеді, ол уақыт өте келе біліктілік талаптары мен қызметтік міндеттеріне қарамастан мемлекеттік қызметкерлердің күллі санаттары үшін міндетті болуға тиіс.
Осы мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жолында «Қазақэнергиясараптама» АҚ-ның қызметкерлеріне арналып мемлекеттік тілді үйрету курсы ұйымдастырылды. Курс арнайы дайындалған бағдарламамен жұмыс істеуде. Курс бастаушы және жалғастырушы деңгейлі топтар арасында жүргізілуде. Бұл курстан күтілетін нәтиже – Қоғам қызметкерлерінің мүмкіндігін іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізу деңгейіне жеткізу, өз ойларын еркін жеткізу болып табылады.