2012 жылы 6 қарашада Астана қаласында «Тиімді меншік иесін қалыптастыру мен энергия үнемдеуді енгізу – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту негізі» тақырыбында республикалық конференциясы өтті. Аталған шара Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ, «Қазақстанның басқарушы және сервистік компаниялары қауымдастығы» ЗТБ және Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігі мен «Нұр Отан» ХДП қолдауымен өтті. Конференция барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформаларды ілгерілетуге бағытталған, 2012 жылы мамыр айында басталып, еліміздің барлық өңірлерінде өткізілген «Тиімді меншік иесі мен энергия үнемдеу – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты нәтижелі жаңғыртудың негізі» атты ауқымды республикалық акция қорытындыланды. Өткізілген іс-шаралардың басты мақсаты тұрғын үй саясатын түсіндіру және көп пәтерлі тұрғын ғимараттарды жөндеу мен энергия және ресурс үнемдеу іс-шараларын енгізу мәселелері бойынша тұрғын үй қатынастары субъектілеріне кеңестер беру болғанды.
Конференция шеңберінде «Кондоминиум объектісін басқару бойынша үздік ұйым» республикалық конкурсының Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 16 жеңімпазы марапатталды. Мұнда өздеріне көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың тиімді әдістерін, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізу кезінде инновациялар мен энергия үнемдеудің жаңа технологияларын енгізіп, өмір сүру сапасын жақсарту және коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды азайту сияқты айтарлықтай пайда ала білген ПИК және кондоминиум объектісін басқарудың өзге де нысандары өз тәжірибелерін назарға ұсынды. Конференцияның пікірталас алаңы ретінде тұрғын үй қатынастары саласындағы реформалаудың өзекті тақырыптарына арналған үш сессиядан тұратын «Тиімді меншік иесін қалыптастыру және тұрғын үй қатынастарын дамыту» дөңгелек үстелі өтіп, Қазақстанның энергия үнемдеу бойынша жағдай туралы «Қазақэнергиясараптама» АҚ президенті Сұңғат Есімханов бөлісті.