2021 жылғы 27-29 қазан аралығында Алматы қаласында «Атакент» көрме орталығында «Энергетика, электротехника және энергетикалық машина жасау» - Pоwerexpo Almaty 2021 атты 19-шы Қазақстандық халықаралық көрмесі өтті.
Энергетика, электротехника, жарық техникасы, энергия үнемдеу, энергетикалық машина жасау саласындағы соңғы жетістіктерді әлемнің 10 елінен 77 отандық және шетелдік компания ұсынды.
Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында «Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу бойынша бірлескен күш-жігер» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ ұйымдастырды.
Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізудің бірлескен күш-жігері бойынша ағымдағы жағдайды талқылау дөңгелек үстелдің басты бағыты болды. Дөңгелек үстел сессиялары тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі отын-энергетикалық кешеннің рөлін, ОҚТ қағидаттарына біртіндеп көшуді және «жасыл технологияларды» енгізуді, көміртекті бейтараптыққа көшуді, сондай-ақ қалдықтарды басқару мен климаттың өзгеруін талқылауға арналды. Бұдан басқа, қаржы құралдары мен осы технологияларды енгізу тетіктері мәселелері қамтылды.